Мас күйде көлік тізгіндеген павлодарлық 7 жылға жүргізуші құқығынан айырылды
Мас күйде көлік тізгіндеген павлодарлық 7 жылға жүргізуші құқығынан айырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
10 сәуір күні сағат 00.22-де полицейлер Павлодар қаласының Ак. Сәтбаев көшесіндегі автожанармай құю станциясында ары-бері сенделіп, рульге отырған жүргізушіні байқап қалды. Дереу автопатруль құқық бұзушының соңынан еріп, тоқтатты.
– Жүргізушімен әңгіме барысында полицейлер оның мас екеніне көз жеткізді. Ал көлік салонында бірнеше бөтелке сыра жатты, олардың бірі бос болды. Қалғанын жүргізуші кейінірек ішуді жоспарлаған шығар. Тәртіп сақшылары ер адамды медициналық куәландыруға жеткізу туралы шешім қабылдады. Сараптама мәліметтері бойынша 28 жастағы автокөлік жүргізушісі орташа дәрежеде мас екені расталды. Сот шешімімен ол он бес тәулікке әкімшілік қамауға алынды және ҚР ӘҚБК 608-бабының 1-бөлігіне сәйкес жеті жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылды. Автокөлік айып тұрағына қойылды, – деп хабарлады Павлодар облысының Полиция департаменті.
Биыл өңір аумағында 310 мас жүргізуші ұсталды.