Мас күйінде көлік тізгіндеген алматылық жүргізуші жазаланды
Мас күйінде көлік тізгіндеген алматылық жүргізуші жазаланды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Құқық бұзушы – 35 жастағы А. есімді азамат. 2021 жылдың қыркүйек айында ол алғаш рет мас күйінде көлік жүргізгені үшін ұсталған. Содан кейін сот оны 7 жылға жүргізуші куәлігінен айырған.
– Өзіне тиісті қорытынды жасамай, А. есімді азамат, тағы да мас күйінде көлік жүргізді. Патрульдік полиция қызметкерлері оны 2022 жылдың сәуір айында ұстады.
Күдікті бұл жолғы әрекеті ҚР ҚК-нің 346-бабы 1-бөлігімен (Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы, сол сияқты көлік құралын басқаруды осындай адамға беру немесе көлік құралын осындай адамның басқаруына жол беру) квалификацияланды.
Сот шешімімен оған, өмір бойына көлік құралын басқару құқығынан айырумен қоса, 1 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Бас бостандығынан айыру орындарынан босай сала, А. есімді азамат ағымдағы жылдың қаңтарында тағы да мас күйінде көлік тізгініне отырып, жол-көлік оқиғасын жасаған. Медициналық сараптаманың қорытындысына сәйкес, жүргізуші орташа дәрежедегі алкогольдік масаң күйде болған.
Осылайша, ер адам ҚР ҚК-нің 346-бабы 2-бөлігінде (Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы, сол сияқты көлік құралын басқаруды осындай адамға беру немесе көлік құралын осындай адамның басқаруына жол беру) көзделген қылмыстық құқық бұзушылық жасаған.
Бұл баптың санкциясы белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, төрт жылдан алты жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны қарастырады, – деді, ПД анықтау Басқармасының бастығы Олжас Шәріпов.