Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Мас жүргізуші солтүстік өңірде көлігімен батып қалды

СҚО-да масаң күйде көлігімен батып қалған жүргізуші камераның назарына ілікті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Жамбыл ауданының 34 жастағы тұрғыны өзінің “Volkswagen” маркалы көлігімен жеті жылға қош айтысуы мүмкін. 11 ақпанға қараған түні аудандық полиция бөлімі кезекшісінің көмекшісі бейнебақылау камерасын бақылап отырған сәтінде батып қалған көліктен жүргізушінің шыққанын және теңселе басып жақын маңдағы үйлердің біріне бағыт алғанын байқайды. Көп ұзамай күрек алып келген ол батқан көлігін қаза бастаған. Тексеруге келген полицейлер бұл әрекетінің үстінен түскен. Жүргізушіден алкогольдің иісі шығып тұрған. Медициналық куәландыру оның мас екенін көрсетті. Масаң күйде көлік құралын басқарғаны үшін жиналған әкімшілік материал сәйкес шешім қабылдау үшін Жамбыл ауданының сотына тапсырылды. Ол 15 тәулікке қамаққа алынып, жеті жылға жүргізуші куәлігінен айырылмақ.

– Екі күнде облыс жолдарында ішімдік ішіп көлік басқарған сегіз адам ұсталды, – дейді СҚО ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Азамат Жамұқов. — Облыста “Мас жүргізуші” жедел-профилактикалық іс-шарасы өтуде. 400-ге жуық полиция қызметкері күшейтілген режимде жолдарда тексеріс жүргізуде. Іс-шараның мақсаты – жол қозғалысы қауіпсіздігін нығайту, жүргізу мәдениетін арттыру. Кей жүргізушілер заң талаптарына жауапсыз қарайды. Мысалға, бұрын басқару құқығынан айырылған төрт жүргізуші анықталды. Олардың барлығы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Барлығы екі күнде полицейлер жолдарда 508 түрлі құқық бұзушылықты анықтады. Аса авариялық қауіптілердің ішінде 34 фактісі – жылдамдықты асыру, 19-ы – маневрлеу қағидаларын бұзу, 20-сы – бағдаршамның тыйым салатын белгісіне өту.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру