Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Мас жүргізуші жауапқа тартылды

Түркістан облысының полицейлері мас халде көлік басқарған жүргізушіні анықтады, ол бес жылға жуық уақытқа бас бостандығынан айырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Түркістан облысының патрульдік полицейлері күнделікті жол бойында тұрып, түрлі оқыс оқиғалардың алдын алып, жол қауіпсіздігі ережесінің сақталуын қамтамасыз етеді. Әрбір жолаушының аман-есен үйіне жетуі үшін үнемі түсіндіріп, тексеру жұмыстарын жүргізеді. Елімізде енгізілген карантинге байланысты тәртіп сақшыларының қызметі одан сайын күшейтілді.

Осындай кезекті жұмыс күнінің бірінде, Кентау қаласының полицейлер мас халде көлік басқарған жүргізушіні анықтады. Кентау қалалық полиция бөлімшесіне патрульдік полиция взводының қызмет инспекторы Тимур Инкарбековтан хабарлама келіп түсті. Оның айтуынша, Кентау қаласында рейдтік іс-шара жүргізіп, қызмет атқару барысында «Nissan maxima» маркалы автокөлігін тоқтатқан.

Тексеру кезінде жүргізушінің спирттік ішімдік ішіп алғаны байқалды. Сонымен қатар, құжаттарын тексеріп қараған кезде, жүргізуші 2017 жылдың қазан айында Кентау қалалық сотының шешімімен үш жыл мерзімге көлік басқару құқығынан айырылғаны белгілі болды. Алайда көлік басқару құқығынан айырылғанына қарамастан, қайта ішімдік ішіп, көлік басқарған. Медициналық сараптамаға сәйкес, жүргізуші орташа дәрежеде мас халде болған. Жүргізуші Кентау қалалық полиция бөлімшесіне жеткізіліп, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Аталған жайт ҚР Қылмыстық Кодексінің 346-бабы (көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы, сол сияқты көлік құралын басқаруды осындай адамға беру немесе көлік құралын осындай адамның басқаруына жол беру) бойынша тіркелді. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп, жинақталған іс-құжаттары сотқа жолданды.

Қалалық соттың шешімімен ҚР Қылмыстық кодексінің 346-бабы 1-бөлігіне сәйкес қылмыстық құқық бұзушылықты қасақана жасаған жүргізуші 4 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды.

Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға жолда сақ болуды, ішімдік ішіп көлік басқармауды, жылдамдықты асырмауды, қарсы бағытқа шықпауды, жол қауіпсіздік ережесін қатаң сақтауды ескертеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру