Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Мас жүргізушіні қолға түсірген Қарағанды облысының полицейлері марапатталды

Ішімдік ішіп, полицейлерден жасырынбақ болған жүргізушіні ұстаған Қарағанды облысының тәртіп сақшылары марапатталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қарағанды облыстық полиция департаментінде өз өмірлерін қауіпке тігіп, мас жүргізушіні ұстаған полицейлер марапатталды.

– Күнделікті қызмет атқару барысында біздің қызметкерлер өз өмірлерін қауіпке тігетін жағдайлар кездесіп тұрады. Бұның жарқын дәлелі, жақында Теміртау қаласында болған мас жүргізушінің тәртіп сақшыларынан қашып, оны полиция қызметкерінің өз өміріне қатер төндіре отырып ұстау дерегі. Менің бұйрығыммен олар Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің нышаны бар қол сағатпен марапатталлды. Алдағы қызметтеріңе жеміс пен қызметте өсу тілеймін, – деді облыстық полиция департаментінің бастығы Ерлан Файзуллин марапаттау барысында.

11 ақпан күні Теміртау қалалық полиция басқармасы, патрульдік полиция батальонының қызметкерлері Нұрлан Абдиров пен Ерхан Абуов қоғамдық қауіпсіздік пен жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қызмет атқаруға түскен. Түнгі сағат 00:35 шамасында олар Бейбітшілік даңғылының бойында апаттық шамдарын жағып, ақырын жүріп келе жатқан автокөлікті байқаған.

– Жүргізушіге көмек керекпе деген мақсатпен оны тоқтаттық. Қасына барып, жүргізушіден қандай да бір көмек қажетпе деген сауал қойдым. Сол уақытта жүргізушіден ішімдіктің иісі келді. Сондықтан көліктің құжаттарын сұрадым. Азамат жүргізуші куәлігін берді. Осыдан кейін, мен көліктің құжатын сұрадым. Сол кезде ол құжаттарын іздеп көремін деп, бірден қаша бастады, – деді қызмет инспекторы Нұрлан Абдиров.

Сол мезетте полиция қызметкерлері бірден жүргізушіні ұстау әрекеттеріне көшкен. Ол жүргізуші есігін ашып, көлікке отыруға тырысты. Ал, Нұрланда бір ғана мақсат, көліктің кілтін өшіріп, айналаға қауіп төндіріп тұрған автокөлікті тоқтату болды. Полиция қызметкері жасаған жылдам әрекеттердің барысында көлік жол жиегіне шығып тоқтады. Сол мезетте әріптесі Ерхан Абуов келген.

Патрульдік полиция қызметкерлері азаматты наркология орталығына жеткізіп, медициналық куәландыру кезінде оның «орташа» дәрежеде ішімдік ішкені анықталды. Белгілі болғандай, 31 жастағы Қарағанды қаласының тұрғыны Теміртау қаласында қонақта болып, ішімдік ішкен. Өзінің ішімдік ішкен күйде болғанына қарамастан ол Қарағанды қаласына барамын деп шешкен.

Жүргізушіге қатысты ӘҚБтК-нің 608 (Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру), 613 (Ішкі істер (полиция), көліктік бақылау органдары қызметкерінің Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы автокөлік құралдарын өткізу пункттерінде және Қазақстан Республикасының аумағындағы көліктік бақылау бекеттерінде, әскери полиция органдары қызметкерінің талаптарын орындамау, алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйін куәландырудан өтуден жалтару) және 667 (Техникалық ақаулары бар көлiк құралдарын пайдалануға шығару және пайдалану қағидаларын өзге де бұзушылықтар) баптары бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылып, соттың шешімімен 30 тәулік әкімшілік қамауға алынып, 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру