Мәжіліс депутаттары Ұлттық ұланның елордалық бригадасына барды
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Самат Нұртаза мен Павел Казанцев Астана қаласында орналасқан Ұлттық ұланның әскери бөліміне барды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қонақтар казармалық үй-жайлармен және әскери қалашықтың инфрақұрылымымен танысты.
– Біздің әскери бөлімде сарбаздарға барлық жағдай жасалған. Әр рота тұрғын-жайындағы төсек-жабдық пен гигиеналық құралдар талапқа сай. Әдетте әскерге жастардың 70-80% дайындықсыз келеді. Сондықтан бастапқы кезеңде сарбаздар жас жауынгер курсынан өтеді, онда олар әскери қызметтің негіздерін түсінеді. Күн сайын бригаданың жеке құрамы елорданың қоғамдық тәртібі мен қауіпсіздігін қорғау қызметіне қатысады, – деді 5573 әскери бөлімінің командирі Аян Есжанов.
Халық қалаулылары жедел құраманың базасындағы қару-жарақ түрлерімен және әскери техникалардың барлық түрімен танысып шықты. Сондай-ақ депутаттар мәдени демалыс орталығына да экскурсия жасады.
– Бүгінгі сапар барысында біз елорда тұрғындарының қауіпсіз өмірін қамтамасыз ету үшін қандай орасан зор жұмыс атқарылатынын байқадық. Өз қаламыздағы құқықтық тәртіп сенімді әрі мықты ұландықтардың қолында тұрғанына көз жеткіздік. Әскери бөлімнің жабдықталуы да, жауынгерлік дайындығы да тиісті деңгейде. Осындай сапарлардың нәтижесінде біз әскерилердің жағдайымен танысамыз. Бұл ретте әскери қызметшілердің барлық санаттары үшін лайықты жағдайларды қамтамасыз ету қажет деп санаймын. Әскерилер мемлекет назарында болуы керек. Сондықтан биыл әскерилердің әлеуметтік жағдайын жақсарту жөніндегі заңдар қаралады деп сенім білдіреміз, – деді Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Самат Нұртаза.