Мереке күндері елордада 27 мас жүргізуші ұсталды
Мереке күндері елордада 27 мас жүргізуші ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жол қозғалысы ережелерін бұзушыларды анықтау, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында елорда аумағында “Мас жүргізуші – қылмыскер!” атты жедел алдын алу іс шарасы өткізілді.
Астана қаласының наркологиялық және психикалық орталығына мас болу дәрежесі белгіленген 25 жүргізуші жеткізілді.
Ал мас күйінде медициналық куәландырудан өтуден бас тартқан екі жүргізушіге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 613-бабының 4-бөлігі бойынша әкімшілік іс қозғалды.
Құқық бұзушылардың көлік құралдары коммуналдық тұраққа қамалды.
Мәселен, полиция қызметкерлері Абылайхан даңғылының бойында Infiniti автокөлігін басқарған 31 жастағы қала тұрғынын тоқтатып, оның құжаттарын тексеру барысында бикештен алкогольдің иісін сезген.
Медициналық куәландырудың нәтижесінде жүргізуші “жеңіл” дәрежедегі мас күйде автокөлікті басқарғаны анықталды.
Автоледиге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік іс қозғалып, көлік коммуналдық тұраққа қамалды.
Патрульдік полиция қызметкерлері кешкі уақытта Ш.Құдайбердіұлы көшесінде Lexus RX 300 автокөлігінің жүргізушісін де мас күйінде ұстаған. Lexus көлігін басқарған 35 жастағы азаматтың құжаттарын тексеру кезінде, ол 2020 жылы соттың шешімімен көлік құралын басқару құқығынан 5 жыл мерзімге айырылғаны белгілі болды.
Ол басқару құқығынан айырылғанына қарамастан, мас күйінде рульге қайта отырған.
Аталған азаматты медициналық куәландырудан өткізу нәтижесінде жүргізуші “жеңіл” дәрежеде мас болған.
Қазіргі уақытта құқық бұзушы қамауға алынды.
Оған қатысты ҚР ҚК-нің 346-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.