«Несие алып беремін»: Алматыда 7 алаяқтық дерегіне қатысы бар әйел ұсталды
Алматыда жеті алаяқтық дерегіне қатысы бар әйел ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазіргі таңда Наурызбай аудандық ПБ-да азаматтарды алдаудың жеті дерегі тіркелді. Тәртіп сақшыларының айтуынша, Ж.есімді азаматша шағын несие сайттарын пайдаланып, екінші деңгейлі банк арқылы кепілсіз несие алу бойынша өз қызметін ұсынған.
– Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында 27 жастағы әйел ұсталды. Барлық арыздар тіркелді және бір өндіріске біріктірілді. Ол бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізілімінде ҚР ҚК-нің 190-бабы 3-бөлігінің 4-тармағына сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Бір қызығы, күдікті өзінің «қызметтері» үшін 100-ден 200 мың теңгеге дейін сыйақы сұраған. Ақшаны алғаннан кейін ол ұялы телефонын өшіріп тастаған, ал түскен ақшаны өз қалауы бойынша пайдаланған, – деді Наурызбай аудандық полиция басқармасының бастығы Дидар Аханов.
Күдікті қазір уақытша ұстау изоляторында отыр. Жедел қызметкерлер алданғандардың бұдан да көп екеніне сенімді.
– Ұсталған азаматтың суретін мұқият қарап шығуларыңызды және оның әрекетінен зардап шеккендердің барлығын мына телефон нөмірлеріне хабарласуларыңызды сұраймыз: 8-707-447-07-50; 8-747-699-70-02, – деді полицияда.