Ноутбук пен ұялы телефон ұрлығы ашылды
Қарағандыда полицейлер бір айдан астам уақыт бұрын орын алған ноутбук пен ұялы телефон ұрлығын ашты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
14 қазанда Қарағанды қаласы ПБ Октябрь полиция бөліміне 30 жастағы қала тұрғыны хабарласып, белгісіз біреудің ноутбук пен ұялы телефонын ұрлап кеткені туралы шағымданған. Келтірілген шығын мөлшері 100 мың теңгені құрайды.
Ұрлық автовокзалдардың бірінде болған. Бағалы заттарды қараусыз қалдырған сәтті ұтымды пайдаланған күдікті ноутбук пен ұялы телефонды алып кеткен.
Бұл факт бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 188-бабымен (Ұрлық) қылмыстық іс қозғалды.
Полиция қызметкерлері күдіктінің жеке басын автовокзалға орнатылған бейнекамералардың көмегімен анықтады. 3 желтоқсанда жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында криминалдық полиция қызметкерлері Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданының 39 жастағы тұрғынын ұстады. Күдікті қылмысын мойындап, айғақ заттар алынды.