Нұр-Сұлтан қаласының полицейлері жаңа форма киді
Жаңа нысанды киімге көшуге байланысты Нұр-Сұлтан қаласы ПД Патрульдік полиция полкінің плацында Департамент бастығы Марат Төлебаевтың қатысуымен жеке құрамның саптық байқауы өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты халыққа Жолдауында елімізді дамытуға ықпал ететін прогрессивті реформаларды айқындады. «Қазақстан полициясының сервистік моделі» пилоттық жобасы жүзеге асырылуда. Үрдістерді оңтайландыру негізінде «Тиімді учаскелік полиция инспекторы» моделі құрылады. «Жұртқа жақын полиция» қағидатымен полицейлердің халықпен үнемі байланыста болуын қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында цифрлық инновацияны енгізу және дамыту бойынша жоспарлы жұмыс жүргізілуде.
Өзгерістің келесі қадамдарының бірі қызметкерлердің нысанды киімге көшуі болып табылады. Тәртіп сақшыларына арналған жаңа үлгідегі киімді әзірлеу – ішкі істер органдарын жаңғырту жөніндегі жол картасы тармақтарының бірі. Полицейлерге арналған киім үлгісін әртүрлі климаттық жағдайларда қызмет атқаратын қызметкерлердің ұсыныс-тілектерін ескере отырып, оларға барынша ыңғайлы әрі қолайлы етіп жасауға ерекше көңіл бөлінген.
Жаңа нысанды киім үлгілері дизайны және конструкциясы бойынша патрульдік полиция және сыртқы қызмет қызметкерлеріне арналған нысанды киімдер болып топтастырылған. Учаскелік полиция инспекторларына арналған жекелеген нысанды киім әзірленген. Жетондар, эмблемалар, жұлдыздар және кокардалар тоқыма маталарға ауыстырылған. Осы ретте барлық сұлбасы бойынша жарық шағылыстыратын элементтерге ерекше көңіл бөлінген, бұл жолдағы қауіпсіздік деңгейін арттырады.
Шара барысында басшылық қызметкерлердің қызметке дайындығын және нысанды киіммен қамтамасыз етілуін тексерді.
«Жаңа нысанды киім бұрынғысынан айтарлықтай ерекшеленеді. Ең бастысы қызмет атқаруға өте ыңғайлы және жайлы. Учаскелік полиция инспекторы халыққа, қоғамға қызмет етеді, халықпен тығыз жұмыс жасайды, құқық бұзушылықты анықтаумен және оның алдын алумен айналысады. Сондай-ақ, қылмыскерді ұстауға қатысады. Ол үшін тиісті киім болуы керек. Жаңа нысанды киім осыған сәйкес келеді», – дейді «Сарыарқа» ауданы ПБ №66 УПП учаскелік полиция инспекторы Нұрдаулет Таңатаров.
«Патрульдік полиция полкінің қызметкерлері қоғамдық тәртіпті күзетудің алдыңғы қатарында тұр. Жаңа нысанды киім көшеде қызмет атқаруға өте ыңғайлы. Онда барлық сұлба бойынша көптеген көрініп тұратын элементтер бар, олар арқылы түнгі уақытта қызметкерлерді алыстан көруге болады. Оқиға орнын қарау кезінде полицейлер жолдың қауіпті учаскелерінде болады, ал бұл элементтер қауіпсіздік деңгейін арттырады», – дейді Патрульдік полиция полкінің қызмет инспекторы Нұрлан Савитпаев.