Нұр-Сұлтанда дүкеннен түрлі тауарларды ұрлаған күдіктілер ұсталды
Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаментінің «Есіл» аудандық ПБ криминалдық полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шаралары барысында елорда аумағында ұрлықтың бес эпизодын жасағаны үшін үш күдіктіні ұстады. Олар 27, 26 және 20 жастағы жігіттер болып шықты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Анықталғандай, қаскүнемдер қаладағы шағын дүкендерге кіріп, сатып алушының кейпінде тауарларды қарап, содан кейін сөрелерден тұрмыстық химиялық заттарды асығыс алып, сөмкелеріне салып кетіп қалған. Күдіктілердің бұл әрекеті дүкенде орнатылған бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Олар ұрланған тауарларды басқа дүкендерге өткізген.
Аталған факті бойынша «Ұрлық» бабымен сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктілер қамауға алынды. Олар кінәсін мойындады, заттай айғақтар тәркіленді. Ұсталғандардың елорда аумағында жасалған басқа да ұқсас қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде.