Нұр-Сұлтандық полицейлер жоғалған 17 жастағы қызды тапты
Елордалық полиция қызметкерлері жоғалған қызды тапты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Полицияға қала тұрғыны ағымдағы жылдың 9 маусымында таңғы сағат 07.00-де оның 17 жастағы қызы үйден кетіп, қайтып оралмағаны туралы арызданған. Дереу елордалық полицияның жеке құрамы жоғалған қызды іздеуге бағытталды.
Іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында тәртіп сақшылары еріктілермен бірге жоғалған қыздың болуы мүмкін жерлерді тексерді. Оны соңғы рет көрген көптеген адамдардан сұрау алынды. Қабылданған шаралармен 17 жастағы қыз Ақмола облысының Ақкөл қаласынан 20 күннен кейін табылды. Ол өзінің барлық уақытын сүйіктісімен өткізгені анықталды. Бұл жасөспірімнің үйден алғашқы қашуы емес, ол бұған дейін де осылай жасаған.
Қазіргі уақытта ол үйіне оралып, анасына тапсырылды. Тәртіп сақшылары мен еріктілер арасында тығыз байланыс орнағанын атап өткен жөн. Еріктілер полицейлерге із-түзсіз жоғалғандарды іздестіру бойынша іс-шараларды өткізу кезінде көмек көрсетуде.
«Ата-аналарға баланың мінез-құлқын бақылау қажеттілігі және оларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамағаны үшін жауапкершіліктің бары туралы ескертеміз. Сондай-ақ отбасындағы қолайсыз психологиялық ахуал баланың жеке басына үлкен әсер етіп, оның үйден кетіп қалуына ықпал етеді», – дейді Нұр-Сұлтан қаласы ПД КПБ іздестіру бөлімінің бастығы Нұрғали Асылхан.