Ордабасылық полицейлер екі бірдей тұрғынның атынан несие рәсімдеген күдіктіні ұстады
Ордабасылық полицейлер екі бірдей тұрғынның атынан несие рәсімдеген күдіктіні ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ордабасы аудандық полиция бөліміне екі бірдей жергілікті тұрғыннан арыз келіп түскен. Онда жәбірленушілердің танысы жеке басын растайтын мәліметтерді пайдаланып, шағын несие беру ұйымдарының бірінен несие рәсімдеген. Олардың біріншісінен 40 мың теңге, екінші жәбірленушінің атынан 240 мың теңге несие алған. Жәбірленушілерге келген шығын көлемі 300 мың теңгеге жуық.
Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тіркеуге алды.
Тәжірибелі тәртіп сақшыларының жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде, осы қылмысқа қатысы бар Шымкент қаласының тұрғыны екені белгілі болды. Сақшылар жас әйелді аудандық полиция бөліміне жеткізді. Тексеру кезінде күдікті әйелдің бұған дейін де сотты болғаны белгілі болды. Қазіргі таңда күдіктіге қатысты тергеу амалдары жүргізілуде.