Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Өскеменде мектептің жоғары сынып оқушыларына профилактикалық кездесу өтті

Өскеменде Ахмет Байтұрсынов атындағы №20 орта мектепте 9-11 сынып оқушыларына арналған қауіпсіздік мәселелері мен синтетикалық есірткілердің таралуының алдын алуға бағытталған профилактикалық кездесу ұйымдастырылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Іс-шара барысында Шығыс Қазақстан облысы полиция департаментінің арнайы және кәсіби даярлық басқармасының қызметкерлері оқушыларға синтетикалық есірткілердің зияны туралы жан-жақты түсіндіріп, жастар арасында "спайс", "скорость", "мяу" атауларымен белгілі заттардың, сондай-ақ дәрілік препараттарды мақсатсыз қолданудың қауіпті екенін айтты.

Полицейлер мұндай заттардың адам ағзасына тигізетін ауыр зардаптарына тоқталып, олардың жүйке жүйесіне кері әсер етіп, психикалық ауытқулар мен өзге де ауыр салдарға әкелуі мүмкін екенін атап өтті. Сонымен қатар тыйым салынған заттарды сақтау, тарату және қолдануға қатысты заң алдындағы жауапкершілік мәселесі түсіндірілді.

Үлбі полиция бөлімінің кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторы Камила Салтанатова оқушыларға самокаттар, велосипедтер, мопедтер мен электроскутерлерді қауіпсіз пайдалану ережелерін еске салып, жол қозғалысы қағидаларын сақтаудың маңыздылығына ерекше назар аударды.

Ал төтенше жағдайлар басқармасының қызметкері Азамат Ақзамбеков жасөспірімдерге рұқсат етілмеген орындарда суға түсуге болмайтынын айтып, судағы қауіпсіздік ережелерін сақтау қажеттігін түсіндірді.

Кездесу соңында мамандар оқушыларды өз денсаулығы мен қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарап, салауатты өмір салтын ұстануға шақырды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру