Өскемендік тәртіп сақшылары суға ағып бара жатқан жігітті құтқарып қалды
Өскемендік тәртіп сақшылары суға ағып бара жатқан жігітті құтқарып қалды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Биылғы жылдың қаңтар айының 11-і күні түнгі сағат 23.40-та Өскемен қаласы Полиция басқармасының «102» арнасына белгісіз ер адамның Понтон көпірінен секірмекші болып тұрғандығы туралы қоңырау түскен.
Шақырту түскен бойда оқиға орнына құрамында Меирхан Ракишев пен Бауыржан Ризабеков бар «Қыран-19» экипажы барған. Оқиға орнына келген полиция қызметкерлері көпірдің қоршауынан бір қолымен ұстап, өзенге секіргелі тұрған ер адамды көреді. Тәртіп сақшылары оның қолынан ұстап қалуға тырысады, алайда сол кезде жігіт көпірден өзенге құлайды.
Полиция қызметкерлері судың ағыны жігітті төмен қарай алып кеткендіктен, оны қараңғыда табуға тырысып, жағалау бойымен жүгіре бастайды. Жағалау бойымен шамамен 900 метр жүгірген полиция қызметкерлері «көмектесіңдер, мен тоңдым» деген жігіттің дауысын естіп, ойланбастан суға кіріп, құтқару арқанына байланған шеңберді лақтырады.
Шеңберді ұстап үлгерген жігітті полиция қызметкерлері судан жағалауға шығарып алып, оқиға орнына шақырылған жедел жәрдем қызметкерлеріне табыстады.
Мән-жайды анықтау барысында 26 жастағы ер адамның мас күйінде болғаны және өз әрекеттерінің себебін түсіндіре алмағаны белгілі болды.
– ҚР ІІМ тапсырмасы бойынша 2019 жылы Өскемен қаласы ПБ қызметкерлері кез келген қиын жағдайда азаматтарға көмек көрсету үшін барлық қажетті құралдармен жабдықталды. Барлық патрульді автокөліктер арнайы құралдармен, атап айтқанда құтқару кеудешелері, құтқару шеңберлері, тростар, гидравликалық қайшылар, өрт балталары, өрт сөндіргіштер, өртке қарсы төсемдермен жабдықталған. Соның арқасында 2021 жылдың 11 қаңтарында ППБ қызметтік автокөлігінде болған құтқару шеңберін қолдана отырып, көпірден құлап, суға ағып бара жатқан адамды құтқаруға мүмкіндік туды, – деді Өскемен қаласының ПБ бастығы А.Мула.