Өскемендіктен жарты келі марихуана тәркіленді
Өскемен тұрғынынан жарты келі марихуана тәркіленді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Шілде айының ортасында «Қарасора-2022» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізу кезінде ҚР Ұлттық ұланының арнайы мақсаттағы жасағымен бірлесіп тәртіп сақшылары Өскемен қаласының 40 жастағы тұрғынын ұстады.
Ұсталған азаматтың үйін кідіріссіз тінту барысында полицейлер ішінде өсімдік тектес қоңыр-жасыл түсті заты бар 1 полимер пакетті, сондай-ақ бөлмелердің бірінде тұрған жейде қалтасынан өзіне тән иісі бар жасыл түсті өсімдік тектес заты бар түйіншек және де осы бөлмеде күдіктінің күртешесінің қалтасынан тағы да 10 түйіншек алынды.
Жүргізілген сараптама қорытындысына сәйкес, тәркіленген заттардың барлығы жалпы салмағы 438,50 граммды құрайтын кептірілген марихуана болып есептеледі.
40 жастағы өскемендікке қатысты келу туралы міндеттеме түрінде мәжбүрлеу шарасы таңдалды.
Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 296-бабының 2-бөлігі (Есiрткi, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатынсыз заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Осы баптың санкциясы 40 тәулікке дейінгі мерзімге қамауға алу түріндегі жазаны көздейді.