Отырарда пробация есебіндегі 48 сотталған кітапханаға тіркелді
Отырарда пробация есебіндегі 48 сотталған кітапханаға тіркелді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан облысы Отырар аудандық пробация қызметінің есебіндегі 48 сотталған аудандық кітапханаға тіркеліп, қызықты кітаптарды оқуға кірісті.
Отырар аудандық пробация қызметінің қызметкерлері мен аудандық орталық кітапхана мамандары Гүлдана Абзейтова бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарды кітапханаға тіркеді. Олар аудандық кітапханаға әр айдың 1-15 аралығында келіп, әртүрлі жанрдағы әдеби шығармаларды, поэмаларды оқи алады.
Сотталғандар арасында кітап оқитындардың саны күн санап артып келеді. Осыған байланысты аудандық орталық кітапханада бас бостандығынан шектеу жазасына тартылған адамдардың білімін жетілдіру мақсатында кітапханаға келіп, кітап оқуларына мүмкіндік беріп отыр. Кітапхана маманы пробация есебінде тұрған сотталған азаматтарды кітапқа деген қызығушылығын көріп, қуанғанын жасырмады.
Азат есімді сотталған осы күнге дейін 20 кітап оқып шығыпты. Ал жыл басынан бері әртүрлі жанрдағы бес кітапты оқыған. Қазіргі таңда ол орыс тілінде жазылған шығармаларды да оқуға кіріскен екен. Болашақта ағылшын, түрік, қытай тілдерін үйренуді жоспарлап жүргенін де айтып өтті.
– Мен қателікке бой алдырып, қылмыс жасағаныма өкінемін. Өзім кітап оқығанды бұрыннан ұнатамын. Менің соңғы оқыған кітабым – Әзілхан Нұршайховтың «Ақиқат пен аңыз» атты шығармасы. Бұл кітапта Ұлы Отан соғысының даңқты қаһарманы, гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлының азаматтық, ерлік тұлғасы суреттелген. Батыр атамыздың сонау жастық шағы, Совет армиясының үздік мектебінде шыңдалу кезеңі, Ұлы Отан соғысының отты жылдарынан бастап күні бүгінге дейінгі ұлағатты өмір жолы бейнеленген. Сондай-ақ, маған Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» кітабы да қатты ұнайды. Мағжан Жұмабаев, Ахмет Байтұрсынұлы, Мұхтар Шаханов және тағы да басқа жазушыларымыздың шығармаларын оқыдым. Енді кітапханаға келіп, психологиялық және өз кәсібіңді ашудың жолдары жайында жазылған кітаптарды оқысам деп отырмын. Бізді қоғамнан шеттетпей, түзелу жолына түсу үшін жағдайымызды жасап отырған Мемлекет басшысына және Отырар аудандық пробация қызметіне алғысым шексіз, – деді есептегі сотталған.