Павлодар облысында көлік иесі мен мас жүргізуші қамауға алынды
Павлодар облысында көлік иесі мен мас жүргізуші 7 жылға жүргізу құқығынан айырылып, қамауға алынды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Биылғы жылдың алты айында Тереңкөл ауданының аумағында 4 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, салдарынан 6 адам жарақат алды.
– Полицейлер жүргізушілердің көлік жүргізу кезінде ұялы телефондарды пайдаланудың 38 фактісін анықтады, қауіпсіздік белдігін тақпағаны үшін 183 жүргізуші жауапкершілікке тартылды, – деп хабарлады Тереңкөл ауданы ПБ жергілікті полиция қызметі бөлімінің бастығы Берік Каткенов.
Барлығы алты ай ішінде полиция 1600-ден астам жол қозғалысы ережелерін бұзушылықты анықтады, барлық құқық бұзушылар жауапкершілікке тартылды. 9 млн теңгеден астам сомаға айыппұл салынды.
Полицейлер жол қозғалысының қауіпсіздігіне жол төсемінің жай-күйі де әсер ететінін атап өтті. Республикалық және жергілікті маңызы бар жолдарды тексеруді тәртіп сақшылары тұрақты негізде жүргізеді. Барлығы 32 тексеру жүргізіліп, 1550 шақырым автожол қамтылды. Нәтижесінде алты заңды және төрт лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылды.
1 тамызда «Қауіпсіз жол» айлығы барысында Тереңкөл ауылының полицейлері Торайғыров көшесінде жүрісі күдік тудырған Audi 80 автокөлігін тоқтатты. Тексеру барысында 34 жастағы ауыл тұрғынынан алкогольдің өткір исі сезілді. Медициналық тексерудің қорытындысы алкогольдік масаңдықтың «орташа» дәрежесін анықтап, күдікті растады.
Айта кету керек, көлік салонында руль басқаруды мас серігіне берген 45 жастағы көлік иесі де алкогольдік масаю күйінде отырған.
Аталған факті бойынша құқық бұзушылардың әрқайсысына қатысты әкімшілік өндіріс қозғалып,
ҚР ӘҚБтК-нің 608 бабының 1-бөлігі бойынша жүргізушінің көлік құралын алкогольдік масаң күйде басқарғаны үшін, ал меншік иесінің көлікті мас адамның басқаруына бергені үшін екеуі де әкімшілік жауапқа тартылды. Материалдар шешім қабылдау үшін сотқа жіберілді. Сот шешімімен екі бұзушы да жеті жылға жүргізуші куәлігінен айырылып, 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.