Павлодар облысында көлікте 16 бас ірі қара малды тасымалдаған тұрғын анықталды
Павлодар облысында көлікте 16 бас ірі қара малды тасымалдаған тұрғын анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Павлодар облысының елді мекендерінде малды еркін жаю жалғасуда. Олардың иелері тарапынан тиісті бақылаудың болмауы мал ұрлығына және жолдарда автокөлік үшін елеулі қауіп-қатерлерге алып келеді. Мысалы, 28 қарашада Ленинск-Ертіс-Русская поляна автожолының бойында 20 бас жылқы жүрген. Басқа жағдайда, үй жануарлары Ертіс ауданы Қарақұдық ауылының жанында жайылып жүрген. Полиция қызметкерлері иелерін анықтап, ҚР ӘҚБК-нің 408-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартты.
Сол күні кешкісін Керней–Қалқаман автожолында полиция қызметкерлері Howo маркалы автокөлікті тоқтатты. Тексеру барысында жүргізушінің тиісті құжаттарсыз 16 бас ірі қара мал тасымалдағаны анықталды.
Полицейлер малды тасымалдау және айдап өту кезінде міндетті түрде тиісті құжаттар болуы тиіс екенін еске салады. Олай болмаған жағдайда, Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 406-бабы бойынша әкімшілік өндіріс басталады.
– Көптеген ауыл тұрғындары жеке қосалқы шаруашылықтарда ірі қара, жылқы, қой ұстайды. Олардың әрқайсысы үшін жануарлардың жоғалуы – бұл нағыз трагедия, өйткені көпшілігі үшін олар тіршілік көзі. Алайда полицияның көптеген ескертулері мен кеңестеріне қарамастан, меншік иелерінің малдарын бақыламауы жалғасуда, – дейді тәртіп сақшылары.
Жыл басынан бері полицейлер иесіз жүрген 13 мыңнан астам малды айыппұл тұрағына қойды.