Павлодар облысында лицензия алмаған дүкен алкоголь өнімдерін сатқан
Павлодар облысында лицензия алмаған дүкен алкоголь өнімдерін сатқан, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Аққулы ауданында әкімшілік учаскені аралау барысында учаскелік полиция инспекторы дүкендердің бірінде белгіленбеген уақытта алкоголь өнімін сату фактісін анықтады. Одан әрі тексеру барысында дүкеннің алкоголь өнімін сатуға лицензиясы жоқ екені анықталды. Дүкен иесіне қатысты заң талаптарын бұзғаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 463-бабының 1-бөлігі, 200-бабының 3-бөлігі және 282-бабының 3-бөлігі бойынша бірнеше әкімшілік хаттама толтырылды. Сондай-ақ, 32 пластикалық ыдыста алкоголь өнімі, 12 арақ және алты шарап алынды.
Материалдар сотта қаралып, шешімі бойынша дүкен иесіне қатысты 75 АЕК мөлшерінде айыппұл түрінде әкімшілік жаза тағайындалды.
– Өткен кезеңде Павлодар облысында құқықтық тәртіп сақшылары ҚР ӘҚБтК 463-бабы бойынша (Кәсіпкерлік немесе өзге қызметпен айналысу, сондай-ақ тиісті тіркеусіз, рұқсатсыз немесе хабарлама жібермей әрекеттерді (операцияларды) жүзеге асыру) 74 фактіні анықтады. Сондай-ақ, белгіленбеген уақытта алкогольді сатудың – 118 фактісі, алкогольді ішімдіктерді ішудің және қоғамдық орындарда мас күйінде болудың 7000-нан астам фактісі анықталып, құқық бұзушылар ҚР ӘҚБтК 440-бабы бойынша жауапкершілікке тартылды, – деп хабарлады Павлодар облысы ПД баспасөз қызметі.