Павлодар облысында мас күйінде мотоцикл мінген 7 жүргізуші жазаланды
Павлодар облысында мас күйінде мотоцикл мінген жеті жүргізуші жазаланды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
– Маусым басталмай жатып мотокөлік жүргізушілері жол ережесін өрескел бұзуда. Мәселен, 2021 жылдың сәуір-мамыр айларында жеті мотоциклист мас күйінде жүргізгені үшін жүргізуші куәлігінен айырылды, – деп хабарлады Павлодар облысы ПД бастығының бірінші орынбасары Жасқайрат Қайыров.
Павлодар қаласында патрульдік полиция батальонының инспекторлары патрульдеу кезінде мотоцикл жүргізушісін ұстады. Ол сараптама нәтижелеріне сәйкес көлікті мас күйінде басқарған. Аталған факті бойынша ҚР ӘҚБтК 608-бабы (Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру) бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Тәртіп бұзушы жеті жыл мерзімге жүргізуші куәлігінен айырылып, 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.