Павлодар облысында мас жүргізуші 20 күнге қамауға алынды
Павлодар облысында мас жүргізуші 20 күнге қамауға алынды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Патрульдеу кезінде учаскелік полиция инспекторы Данияр Әлімбаев Железин ауданы Лесное ауылының көшелерінің бірінде ВАЗ-21063 автокөлігін байқады. Жүргізуші тәртіп сақшысының талаптарына бағынбады. Кейін полицейлер оны жетіп алып, тоқтатты.
Әңгіме барысында жүргізушіден алкогольдің өткір иісі шықты. Медициналық куәландыру учаскелік полиция қызметкерінің алаңдаушылығын растады. Жүргізуші мас күйінде болды.
– Жүргізушіге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік материал жасалды, материал сотқа жіберілді. Сондай-ақ жүргізушінің көлік құралын басқаруға құқығы жоқ екені белгілі болды. Железин аудандық сотының шешімімен жүргізуші әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 20 тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алынды, – деді Павлодар облысы Железин ауданының полиция бөлімінің бастығы Елдос Нұрғалиев.