Павлодар облысында мектеп оқушыларының арасында турнир өтті
Павлодар облысында мектеп оқушыларының арасында аудандық турнир өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
"Заң мен тәртіп" жобасы аясында Павлодар облысы №1 Ертіс орта жалпы білім беру мектебінің базасында оқушылар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыруға және қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын дамытуға бағытталған "Заң лигасы: Қауіпсіздік аумағы" атты аудандық турнир өтті.

Іс-шараға ауданның 5 командасынан барлығы 25 оқушы қатысты. Турнир барысында қатысушылар кәмелетке толмағандардың негізгі құқықтары мен міндеттерімен танысып, құқықбұзушылық үшін заңды жауапкершілік мәселелерін талқылады. Сонымен қатар буллинг пен кибербуллинг сияқты өзекті тақырыптар қарастырылды. Жол жүру ережелерін сақтау және жолдағы қауіпсіздік мәселелеріне де ерекше назар аударылды.
Турнир бағдарламасы интерактивті тапсырмалардан, дебат-баттлдан және тақырыптық пікірталастардан тұрды. Оқушылар тек теориялық білімдерін көрсетіп қана қоймай, оны тәжірибеде қолдануды, өмірлік жағдайларды талдап, негізделген шешім қабылдауды үйренді, соның ішінде жол қауіпсіздігіне қатысты мәселелер де қамтылды.

Турнир қорытындысы бойынша жүлделі орындар келесідей бөлінді:
1 орын — №1 Ертіс орта мектебінің командасы;
2 орын — Қызылжар орта мектебі;
3 орын — №2 Ертіс орта мектебі.
- Осындай іс-шаралар жас ұрпақтың құқықтық мәдениетін қалыптастыруда маңызды рөл атқарады, дұрыс өмірлік бағдарларды айқындауға және өз іс-әрекеттеріне саналы түрде қарауға көмектеседі, сондай-ақ заңға бағынатын мінез-құлықты таңдауға ықпал етеді, — деп атап өтті Павлодар облысы Ертіс ауданы полиция бөлімінің кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі аға инспекторы Қуат Сәрсембаев.
