Павлодар облысында «Отбасындағы зорлық-зомбылыққа жол жоқ!» акциясы басталды
Павлодар облысында «Отбасындағы зорлық-зомбылыққа жол жоқ!» акциясы басталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және отбасындағы зорлық-зомбылықтың жолын кесу мақсатында 13-21 маусым аралығында облыс аумағында «Отбасындағы зорлық-зомбылыққа жол жоқ!» акциясы өткізілуде. Акция профилактикалық сипатқа ие және халықты отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жол бермеу, ана мен баланы қорғау, отбасының қоғамдағы рөлін нығайту бойынша қабылданып жатқан шаралармен таныстыруға бағытталған.
Бұл күндері полицейлер тұрмыста құқық бұзушылық жасауға бейім адамдарды, сондай-ақ тұрмысы нашар отбасыларды тұрғылықты жері бойынша тексереді. Оларға қатысты қорғау нұсқамалары шығарылған және мінез-құлқына ерекше талаптар белгіленген адамдардың белгіленген шектеулерді сақтауына айрықша назар аударылады.
Айта кету керек, жылдың басынан бастап 3418 қорғау нұсқамалары шығарылды, бұл ретте қорғау нұсқамасын бұзғаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 461-бабына сәйкес 337 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Павлодар облысы Полиция департаменті азаматтарды зорлық-зомбылық фактілері туралы үндемей, «102» жедел арнасына немесе 8-718-2-39-81-14 телефоны бойынша хабарласуға шақырады.