Павлодар облысында заңсыз ағаш ұрлаған ер адам анықталды
Павлодар облысында заңсыз ағаш ұрлаған ер адам анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Браконьерлікті, биологиялық ресурстар объектілерінің заңсыз айналымын анықтау және жолын кесу мақсатында 20 қазан мен 19 қараша аралығында Павлодар облысының аумағында «Браконьер» жедел алдын алу іс-шарасы өткізілуде.
Іс-шараның мақсаты – табиғатты қорғау заңнамасы бұзушылықтарын, объектілер мен биологиялық ресурстар өнімдерінің заңсыз айналымын анықтау және жолын кесу, экологиялық қылмыстарды ашу.
– Аталған іс-шара басталғаннан бері полицейлер табиғатты қорғау заңнамасының 69 бұзушылығын анықтады. Оның ішінде 42 заңсыз аң аулау фактісі, 25 балық аулау ережелерін бұзу. Жалпы сомасы 413 мың теңгеге айыппұл салынды, – деп хабарлады Павлодар облысы Жергілікті полиция қызметі басқармасының инспекторы Даурен Қабышев.
Мысалы, рейдтік іс-шаралар барысында Облыстық аумақтық инспекциясымен бірігіп Аққулы ауданының полицейлері Ертіс-Орманы аумағында 6,96 текше метр көлемінде қарағай ағашы тиелген ГАЗ көлігін тоқтатты.
Анықталғандай, жүргізуші Ертіс орманында орманшы болып жұмыс істейді, сондай-ақ ер адамда осы орман өнімдерін алып шығуға тиісті рұқсат құжаттары болмаған. Ұрлық фактісі бойынша тексеру жүргізіледі.