Павлодар облысында жол ережесін бұзған 126 мың адам жауапқа тартылды
Павлодар облысында жол ережесін бұзған 126 мың адам жауапқа тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Халық алдындағы есептік кездесу барысында Павлодар облысы Полиция департаментінің бастығы Василий Скляр жолдардағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету туралы айтып берді. Ол облыста жол-көлік оқиғаларының, зардап шеккендердің және оларда қаза болғандардың саны азайғанын атап өтті.
– Жол қауіпсіздігі саласындағы түрлі бұзушылықтар үшін 126 мың бұзушы жауапқа тартылды. Мас күйінде автокөлік жүргізу үшін жауапкершіліктің қатаңдатылуына қарамастан, 70 жүргізуші қылмыстық жауапкершілікке тартылды, 1 203 адам көлік басқару құқығынан айырылды және 1 373 тұрғын мас күйінде көлік жүргізгені үшін әкімшілік қамауға алынған, – дейді облыстың бас полицейі.
Бастық жолдардағы бақылауды күшейту үшін жол қозғалысы ережелерін бұзуды автоматты түрде тіркеу жүйесін енгізу жалғасып жатқанын еске салды. Павлодарда 51 мың бұзушылықты анықтаған RedSpeed, Интегра, Автоураган және Оракул жүйелері жұмыс істейді. Сонымен қатар, өткен жылы автопатрульдерде Кибер-Шериф борттық аппараттық-бағдарламалық кешендері орнатылды, олар жол қозғалысы ережелерін бұзушылықтарды автоматты режимде тіркейді, сондай-ақ автокөліктер мен жүргізушілерді қолда бар ақпараттық базалар бойынша тексереді.
Ағымдағы жылдың үш айында аталған кешендер 3,5 мың құқық бұзушылықты анықтады. Есептік кездесу барысында Полиция департаментінің бастығы ашықтық, сенім деңгейін арттыру және полицияның халықпен кері байланысын орнату тақырыбына да тоқталды. Мысалы, бүгінгі күні облыстың барлық аумақтық бөлімшелерінде «Азаматтарға арналған қабылдау бөлмелері» құрылған, онда полиция қызметіне қатысты барлық мәселелер бойынша кеңес алуға болады.
– Сондай-ақ, әлеуметтік желілерде департамент пен аумақтық бөлімшелердің, қалалар мен аудандардың полиция органдарының бірінші басшыларының аккаунттары және менің жеке аккаунтым жұмыс істейді, оларға 101 мың адам тіркелген. Қылмысқа қарсы күресте баға жетпес көмектеріңіз үшін сіздерге алғыс айтамын. Құқық қорғау бағытындағы қоғамдық құрылымдарда мыңнан астам адам бар. Олардың қатысуымен 100 қылмыс ашылып, 860 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Жоғалған азаматтарды іздестіру шаралары еріктілердің қатысуынсыз өтпейді. Біз сіздердің еңбектеріңізді және қылмысқа қарсы күреске қосқан риясыз көмектеріңізді бағалаймыз! Сондықтан мен марапаттау туралы бұйрыққа қол қойдым, – деп толықтырды Василий Скляр.