Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістан облысының бас полицейі халыққа онлайн режимде есеп берді

Түркістан облысының бас полицейі өткен жылды қорытындылап, халыққа онлайн режимде есеп берді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Түркістан облысы Полиция департаментінің бастығы Мұрат Қабденов 2021 жылда жеке құраммен атқарылған жұмыстарды қорытындылап, халыққа онлайн режимде есеп берді. Ең алғаш есептік жиында былтырғы жылы атқарылған жұмыстар бойынша бейнеролик көрсетілді. Одан кейін облыстың бас полицейі баяндама жасады.

 – Өткен жылы облыста онша ауыр емес және орташа ауыр қылмыстар саны 2869-ды құрап, 11,0%-ға төмендеді. Бөтен мүлікті ұрлау қылмыстары 26,4%-ға азайып, ашылуы 61,8%-ға көтерілді. Пәтер ұрлығы 17,2%-ға, мал ұрлығына байланысты қылмыстар 16,3%-ға азайды. Аса ауыр қылмыстардың ашылымы 96,6%-ға жоғарылады. Полицейлермен үнемі есірткінің зияны жайлы сабақтар өткізіліп, брошюралар таратылып, билбордтар ілінуде. Брифингтер өтуде. Соның нәтижесінде 2021 жылы есірткінің заңсыз айналымына қатысты 409 дерек тіркеліп, 5 тонна 506 келі есірткі заттары алынды. Аса қауіпті саналатын есірткінің синтетикалық түрін сақтаған 10 адам ұсталды. 187 сайтқа “Кибернадзор” бағдарламасы арқылы шектеу қойылып, бұғатталды. Оған қоса, есірткі түрлерін жарнамалаған екі адам анықталып, оларға қатысты ҚК-нің 299-1-бабымен қылмыстық іс қозғалды. Сондай-ақ, жол-көлік оқиғаларының алдын алу, болдырмау шаралары да біздің назардан тыс қалып жатқан жоқ. Десек те, жыл ішінде 712 жол-көлік оқиғасы болған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 31,7%-ға аз. Ал осы өкінішті жайттардың салдарынан 319 адам қаза тауып, 743 адам жарақат алған. Бір жыл ішінде 710 330 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Оның ішінде жол қозғалысы бойынша – 611 546 құқық бұзушылық. Ал көлікті мас күйде басқарған 1037 жүргізуші анықталды. Облыс көлемінде біздің бақылауымызда 56 бейнекамера мен 70 фиксатор бар. Олардың көмегімен 281 мыңнан астам құқық бұзушылық анықталды, – деп атап өтті М.Қабденов.

Сонымен қатар, Мұрат Қабденов, алаяқтық қылмысының өзектілігіне, яғни бұл қылмыстың тіркелуі 2 есеге көбейгенін жеткізді. Және облыс тұрғындарын алаяқтарға алданбауға, өзіне ғана белгілі құпия деректерін ешкімге айтпауға кеңес берді.

ПД басшысы қызметке тағайындалған сәттен сервистік полиция моделін енгізу бойынша жұмысты қолға алды. Осыны байқаған түркістандық тұрғын есеп беру кезінде азаматтарды қабылдау бөлмесіне келіп, осы тақырып аясында сұрағын қойды. Яғни, Түркістан қаласының Әсел Бейсенбекқызы есімді тұрғыны жалпы сервистік полицияны құрудағы мақсаты, маңыздылығы, тиімділігі туралы айтып беруін өтінді.

– Мұндағы негізгі мақсат – полицияның халыққа қолжетімділігін, жұртқа жақындығын, ашықтығын қамтамасыз ету, – деді М.Қабденов.

Онлайн режимде өткізілген есеп беру жиыны ПД-нің әлеуметтік желідегі ресми парақшаларында тікелей эфирде жүргізілді. Өз кезегінде 500-ден астам тұрғын өздерінің ұсыныс-пікірлерін, сауалдарын жолдады. Соның арасында қала тұрғыны Гүлмира Баймұратова отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа байланысты сұрағын қойды.

– Аталған қылмыс өткен жылы 4,8 пайызға өсті. Сондықтан осы жылы отбасындағы зорлық әрекеттерін азайту шаралары атқарылуда. Кешегі Президентіміздің “Жаңа Қазақстанжаңару мен жаңғыру жолы” атты Жолдауында қоғамдағы зорлық-зомбылық деңгейін төмендету үшін жүйелі шаралар қабылдануы айтылды. Демек бұл ретте, біз отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтармен күресуіміз тоқтамайды және жұмыс күшейтілді, -деп жауап берді бұл бойынша ТО ПД бастығының бірінші орынбасары А.Сейдуалиев.

Оған қоса, тікелей эфир арқылы кадр, тергеу, әкімшілік полиция, жергілікті полиция саласына қатысты жүздеген сұрақтар қойылды. Сауалдардың басым көпшілігіне сол арада нақты жауаптар берілсе, кейбіріне жазбаша түрде жауап қайтарылатын болды.

– Жалпы, Түркістан облысында криминогендік жағдай тұрақты. Қылмыс саны ең аз аймақ. Осы орайда сіздерге полицейлер атынан алғысымды білдіремін. Қоғамдық қауіпсіздік пен сіздердің тыныш ұйқыларыңыз үшін, жеке құраммен бірге шаршамай қызмет атқарамыз. Және полицияға қатысты арыз-шағымыңыз болса есігіміз ашық, келіңіз. Болмаса әлеуметтік желідегі менің жеке парақшама жазыңыз. Мен өз тарапымнан қылмысты азайту, қауіпсіздікті қамтамасыз ету, сыбайлас жемқорлықты болдырмау мақсатында жұмыстарды атқаруда барымды саламын, – деп өзінің ризашылығын жеткізді ПД бастығы.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру