Павлодар облысында сауда нысандарын терроризмге қарсы қорғау тұрғысынан тексеру жандандырылды
Павлодар облысында сауда нысандарын терроризмге қарсы қорғау тұрғысынан тексеру қайта жандандырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Шағын және орта кәсіпкерлікті тексеруге мораторийдің аяқталуына байланысты Павлодар облысының экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері сауда объектілерін терроризмге қарсы қорғау тұрғысынан тексеруді қайта жандандырды.
Барлық үй-жайларды, қоймалар мен жертөлелерді аралап тексеру жұмыстары жүргізіледі, эвакуация схемалары мен бейнебақылау жүйесі зерттеледі.
– Терроризмге қарсы қорғалудың жай-күйі қазіргі заманғы инженерлік-техникалық жабдықтың болуына да, сондай-ақ персоналдың қиын жағдайда әрекет етуге дайындығына да байланысты. Ол үшін нысандардың басшылары оқу-профилактикалық және өзге де іс-шараларды өткізуді қамтамасыз етуі тиіс. Террористік тұрғыдан осал барлық нысандар тексеруге жатады. Эвакуация схемасына, баспалдақтардың алаңына және апаттық шығудың қолжетімділігіне ерекше назар аударылады. Сонымен қатар тексеру аясында террористік қауіп төнген жағдайда сауда үйлерінің қызметкерлерін оқыту жүргізіліп жатыр, – дейді Павлодар облысы ПД экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының бөлім бастығы Асхат Махметов.