Павлодар тұрғыны тазаланбаған аумақ үшін жауапқа тартылды
Павлодар тұрғыны тазаланбаған аумақ үшін жауапқа тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Павлодар облысының полиция қызметкерлері тұрақты түрде рейдтер жүргізеді, олардың барысында елді мекендердің тиісті деңгейде абаттандырылуын бақылайды, бұзушылықтардың алдын алады, сондай-ақ шақыруларға дереу жауап береді.
Жергілікті полиция қызметінің бастығы Ғалым Сарғұловтың айтуынша, ағымдағы жылы абаттандыру ережелерін бұзудың 4500-ге жуық фактісі анықталған. Сонымен қатар заң бұзушылыққа байланысты азаматтарға ескерту жасалуы немесе 300 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салынуы мүмкін.
Кезекті жұмыс барысында тәртіп сақшылары қалалық ұйымдардың бірінің аумағында металл қабылдау пунктінің қоқысы жиналғанын анықтады. Аталған ұйымның аумағын тазалауға жауапты ер адамға қатысты Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 505-бабының 1-бөлімі бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, профилактикалық әңгіме жүргізілді.