Павлодарда 10 мас жүргізуші анықталды
Павлодарда 10 мас жүргізуші анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Павлодар қаласының патрульдік полиция батальонының қызметкерлері жол қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша үлкен және үздіксіз жұмыс атқарып жатыр. Мысалы, өткен тәулікте тәртіп сақшылары қызмет атқару барысында 131 әкімшілік хаттама толтырды. Оның ішінде қоғамдық қауіпсіздік бойынша – 39 және жол қозғалысын бұзғаны үшін 92 хаттама болған.
Сонымен көлік құралын басқаруға құқығы жоқ үш жүргізуші қайта көлік тізгіндеген. Тағы 3 көлік жүргізушісі сақтандыру полисінсіз көлік басқарған. Полиция қызметкерлері мемлекеттік тіркеу нөмірлері жоқ тағы бір жүргізушіні анықтады. Мас күйінде көлік жүргізгені үшін 10 жүргізуші ұсталды.
– Сағат 02.15-те Павлодардағы Чапаев – Степная көшелерінің қиылысында патрульдеу кезінде полиция қызметкерлері ВАЗ-21033 автокөлігін тоқтатты, жүргізушісі мас болып шықты. Оның жағдайын жүргізілген медициналық куәландыру растады. Сонымен қатар полицейлер бұл жүргізушінің көлік құралын басқаруға құқығы жоқ екенін анықтады. Ер адамға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 6-бөлімінің 608-бабы бойынша әкімшілік хаттама жасалды. Сот жасаған құқық бұзушылық үшін ол жиырма тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алынды. Автокөлік айып тұрағына қойылды, – деді Павлодар қаласы патрульдік полиция батальонының командирі Айдар Сламбеков.
Айта кету керек, ағымдағы жылдың басынан бастап 54 жүргізуші мас күйінде автокөлікті басқаруға жол берді. Әрбір бұзушы қолданыстағы заңнама шеңберінде жауапқа тартылды.