Павлодарда нөмірсіз көлігіне «Жұмабектің бажасы» деп жазып алған жүргізушіге айыппұл салынды
Павлодарда қалжыңдағаны үшін жүргізушіге айыппұл салынды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
1 сәуір бұрынғы кезден Күлкі күні деп саналады. Бұл ресми мереке болмаса да, көптеген елдерде осы күні басқа адамдармен ойын-сауық құрып қалжыңдау салты орын алуда.
Мәселен, 1 сәуір күні Назарбаев даңғылы бойында «ВАЗ 2170» автомашинасы тоқтатылды, себебі көліктің артқы жағында мемлекеттік тіркеу нөмірі болмады. Онымен қоса, автомобильдің артқы жағында нөмірдің орнына «Жұмабектің бажасы» деген жазу болды.
Жүргізушіге қатысты ҚР ӘҚБтК 590-бабы 2-бөлімі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Оған 10 АЕК көлемінде айыппұл салынды, ал автомашина автотұраққа қойылды.
– Адамдар ережелерді нақты сақтау – жолдағы заң және міндетті шарт екенін ұмытып кетеді. Жол ақталуды қажетсінбейді, ол кішігірім құқық бұзушылықтарды да кешпейді, қырағылық сақтауды және ұдайы мұқият болуды міндеттейді. Жыл басынан бері Павлодар қаласында полицейлермен әртүрлі бұзушылықтары үшін автотұраққа 535 көлік құралдары қойылды, – деп атап өтті Павлодар қаласы Полиция басқармасының бастығы Данияр Бек.
Полицияда жол қауіпсіздігі мен ЖКО-ның алдын алуды қамтамасыз ету мақсатында патрульдік полиция батальоны жол қозғалысы ережелерін бұзудың 7712 фактісін анықтады. Мұндағы рейтингте:
– қауіпсіздік белбеуін пайдаланбағаны үшін – 1086;
– бағдаршамның рұқсат етілмейтін сигналына жүру, жаяу жүргіншілерге басымдылық бермегені үшін – 392;
– мас күйінде көлікті басқарғаны үшін – 110;
– мемлекеттік тіркеу нөмірінсіз көлік құралын басқарғаны үшін 20 жүргізуші жауапқа тартылды.