Павлодарда өзгенің көлігін заңсыз иемденген мас жүргізуші қолға түсті
Павлодарда өзгенің көлігін заңсыз иемденген мас жүргізуші қолға түсті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Павлодар қаласының тұрғыны 1 қаңтар сағат 07:30- да Академик Бектұров көшесіндегі үйдің ауласынан ГАЗель автокөлігін мас күйде заңсыз иемденді деп күдіктеліп отыр. Әрі қарай, Нұркин көшесімен жүріп, жол белгісіне, автобус аялдамасына және дүкен ғимаратына соғылды.
– Жүргізушіні жақын маңдағы полиция қызметкерлері ұстады және оның жүргізуші куәлігі жоқ екендігі анықталды. Автокөліктің салонында 17 жастағы кәмелетке толмаған бала болған. Жүргізуші куәландырылып, Павлодар қаласының УҰИ-ға орналастырылды. Мас күйде және жүргізуші куәлігі жоқ жүргізуші автокөлікті жүргізгені үшін 20 тәулікке қамауға алынды. Сондай-ақ ұрлау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Автокөлік арнайы айып тұрағына қойылды, – дейді Павлодар облысы ПД баспасөз қызметі.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына, Қазақстан Республикасы қылмыстық-процессуалдық кодексінің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес адам өзінің кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен танылғанға дейін қылмыс жасағаны үшін кінәсіз деп есептеледі.