Павлодарда полицейлер интернет-алаяқтықтан сақтануға шақырды
Павлодар қаласы полиция басқармасы Солтүстік полиция бөлімінің қызметкерлері интернет және телефон алаяқтығының алдын алу бойынша профилактикалық жұмыстар жүргізуде, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Полицейлер тұрғындармен кездесіп, алаяқтардың кең таралған тәсілдері туралы түсіндіруде. Азаматтарға ақпараттық жадынамалар мен брошюралар таратылып, көпқабатты үйлердің кіреберістері мен қоғамдық орындарға профилактикалық материалдар орналастырылып жатыр.
Кездесулер барысында полиция қызметкерлері алаяқтардың банк, құқық қорғау органдары, қауіпсіздік қызметтері мен өзге де ұйымдардың қызметкері ретінде танысып, азаматтарды алдайтынын ескертеді. Қаскөйлер түрлі сылтаумен жеке және банктік деректерді білуге тырысып, психологиялық қысым көрсетеді және шешімді шұғыл қабылдауға итермелейді.
Полиция ескертеді: банк немесе мемлекеттік орган қызметкерлері телефон арқылы құпиясөздерді, SMS-кодтарды, банк картасының деректерін сұрамайды және ақшаны "қауіпсіз шотқа" аударуды талап етпейді.
Күдікті қоңырау түскен жағдайда әңгімені бірден тоқтатып, аталған ұйыммен оның ресми байланыс нөмірі арқылы өзіңіз хабарласыңыз.
Егер алаяқтықтың құрбаны болсаңыз немесе күмәнді жағдайға тап болсаңыз, дереу "102" нөміріне хабарлаңыз.
Қырағылық – алаяқтардан қорғанудың ең тиімді жолы.
