Павлодарда полицияның қоғамдық көмекшілерінің көмегімен 100-ге жуық қылмыс ашылды
Павлодарда полицияның қоғамдық көмекшілерінің көмегімен 100-ге жуық қылмыс ашылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Павлодар облысының Полиция департаменті құқық қорғау бағытындағы қоғамдық құрылымдарды құру және олардың қызметін ұйымдастыру бойынша белгілі жұмыстар атқаруда.
– Облыс бойынша құқық қорғау бағытындағы қоғамдық құрылымдардың саны 1 160 адамды құрайды. Жылдың басынан бері полицияның қоғамдық көмекшілерінің қатысуымен 98 қылмыс ашылып, әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін 854 адам ұсталды, – деді Павлодар облысы ПД жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары Руфат Кенжин.
Полиция 2021 жылы құқық бұзушылықтардың алдын алуға, жолын кесуге және ашуға жәрдемдесетін азаматтарды көтермелеуге облыстық бюджеттен шамамен 7 млн. теңге бөлінгенін атап өтті.
Осы жылдың өткен кезеңінде қоғамдық тәртіпті қорғауға белсенді қатысқаны және қылмыстарды ашуға көмек көрсеткені үшін 377 азамат ақшалай сыйақы алып, 16 азамат грамоталармен марапатталды.
Сонымен қатар, қоғамдық көмекшілер қатарында іздестіру бойынша және гуманитарлық көмек көрсететін өңірлік волонтерлер бар.
– Біздің мақсатымыз ортақ. Отбасымыз үшін, балаларымыздың болашағы үшін сенімді болғымыз келеді. Қылмыс пен бұзақылыққа, тәртіпсіздікке біздің аулаларымызда орын жоқ, – дейді «Vita» Павлодар қаласының іздеушілері» қоғамдық бірлестігінің басшысы Екатерина Кудрявцева.