Павлодарда тұрғынның терезесіне тас лақтырған ер адам жауапқа тартылды
Биыл Павлодар облысының аумағында ұсақ бұзақылықтың 1049 жағдайы тіркелді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
7 қарашада сағат 09:15-те Қамзин көшесінде орналасқан дүкен сатушысынан қоңырау келіп түсті.
– Ер адам келіп, азық-түлік бөлімінің сатушысымен әңгімелескеннен кейін жанжал шығарған. Бүкіл дүкенге айқайлап, өткен-кеткендерге тіл тигізді, – деп шағымданды әйел.
Көрсетілген мекенжайға жедел келген полицейлер жанжалды тоқтатты. ҚР ӘҚБК-нің 434-бабы бойынша жанжал шығарған адамға қатысты әкімшілік хаттама жасалды. Дау-дамайдың себебі – сөреде қала тұрғынының сүйікті сүт өнімі болмағаны. Оқиғадан кейін сатып алушы сатушыдан кешірім сұрап, таңертеңнен оның көңіл-күйі болмай тұрғанын түсіндірді.
Ұсақ бұзақылықтың тағы бір фактісі Қостанай көшесінде анықталды.
– Белгісіз адам менің үйіме жақындап, тереземе тас лақтырды, – деді полиция операторына жас қыз.
Аталған үйге келген тәртіп сақшылары ер адамды анықтады. Оның айтуынша, ол сүйіктісіне келіп, терезеге тас лақтыра бастаған, осылайша оны көшеге шақыруға тырысты, бірақ мекенжайын шатастырып алған.
Енді үй иесінің тыныштығын бұзғаны үшін павлодарлық «Ромео» ҚР ӘҚБК 434-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.