Павлодарда тыл ардагері мерекемен құттықтап келген ҚАЖ қызметкерлеріне алғыс білдірді
Павлодарда тыл ардагері мерекемен құттықтап келген ҚАЖ қызметкерлеріне алғыс білдірді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Тыл ардагері және Қылмыстық-атқару жүйесінің еңбек сіңірген қызметкері Екатерина Симоненко да өзге соғыс балалары секілді 14 жасында жеңіске жету жолында тылда еңбек ете бастады.
– Мен банк бөлімшесіне жұмысқа қабылдандым. Бір ай жұмыс жасағаннан кейін маған ақша кассасын күзетуді сеніп тапсырды. Жұмыс мақсатында қолдану үшін қолыма қару ұстатты. Мен оны дереу үстелдің үстіне қоя салдым. Ол өте ауыр және суық екен. Бойымды қорқыныш биледі. Мен тіпті оған қарауға қорқатынмын. Мен үшін тапанша – қорғану емес, өлтіру құралы болды. Менің тылдағы еңбек өтілім осылай басталды, – дейді ардагер.
Өмірінің 42 жылында қылмыстық-атқару жүйсінде есепші болып қызмет атқарды. Қазір еңбек сіңірген зейнеткер қолы қалт еткенде саяжайға барып тұрады. 94 жастағы тыл ардагері жасына қарамай өте жылдам, көңілді. Әжей өзін мерекемен құттықтап келген жас әріптес, ізбасарларын жылы жүзбен қарсы алды. Оны ұмытпайтындарына дән риза екенін айтып, жыл сайын естеріне алып, келіп құттықтап, ілтипат білдіріп, сый-сыяпат жасаған мекеме басшылығына алғысын білдірді.
– Бізге азат елде, ашық аспан астында өмір сүруге мүмкіндік берген жандарға қолымыздан келгенше қуаныш сыйлағымыз келеді, – дейді мекеме басшысының орынбасары Берік Рахимов.