Павлодарда жаяу жүргіншілерді қағып кете жаздаған жүргізуші жауапқа тартылды
Павлодарда жаяу жүргіншілерді қағып кете жаздаған жүргізуші жауапқа тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Павлодар қаласындағы Н. Назарбаев-Ломов көшелерінің қиылысында Mercedes автокөлігінің жүргізушісі жаяу жүргіншілерді өткізбегені анықталды.
– Автокөлік зебра арқылы жылдамдықпен өтіп, қыздарды қағып кете жаздады. Жүргізуші бақытқа орай барлығы аман-сау қалды деп қуанды. Ал жол ережесін сақтамағаны үшін оған ҚР ӘҚБтК-нің 600-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілік жүктеледі, – деді Павлодар қаласы патрульдік полиция батальоны командирінің орынбасары Алтынбек Медияров.
Жол қозғалысы ережелерін бұзудың тағы бір фактісін полицейлер Н. Назарбаев даңғылында тіркеді. Мұнда Lexus көлігінің жүргізушісі бірден екі құқық бұзушылық жасады. Ол жол белгісінің талаптарын елемей, аялдама сызығын кесіп өтті. Сондай-ақ апаттық жағдай туғызып, келе жатқан көліктің алдында күрт тежеліп, оның траекториясын өзгертуге мәжбүр етті.
https://youtu.be/GSzdiHbF8jQ
Автокөлік жүргізушісіне қатысты тәртіп сақшылары ӘҚБтК-нің 601-бабы және ӘҚБтК-нің 606-бабы бойынша әкімшілік хаттамалар жасады.