Павлодарда жол ережесін бірнеше рет бұзған жүргізуші жауапқа тартылды
Әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында полиция қызметкерлері BMW автокөлігі жүргізушісінің жол қозғалысы ережелерін бірден бірнеше мәрте өрескел бұзғаны бейнеленген бейнежазбаны анықтады, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Жедел жүргізілген тексеру нәтижесінде құқық бұзушының жеке басы анықталды. Белгілі болғандай, жүргізуші бір сапар барысында жол қозғалысы қағидаларының төрт талабын бұзған.
Атап айтқанда, оған авариялық жағдай туғызғаны, көлік құралын пайдалану қағидаларын бұзғаны, маневр жасау талаптарын сақтамағаны және қауіпсіздік белдігін тақпағаны үшін әкімшілік материалдар рәсімделді.
– Анықталған барлық құқық бұзушылықтар бойынша жүргізуші қолданыстағы заңнамаға сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деп хабарлады Павлодар облысы полиция департаментінде.
Полиция жол қозғалысы ережелерін сақтау – әрбір жүргізуші мен жол қозғалысына қатысушының заң алдындағы міндеті екенін еске салады. Заң талаптарын елемеу жүргізушінің ғана емес, өзге азаматтардың да өмірі мен денсаулығына елеулі қауіп төндіреді.
"Заң мен тәртіп" қағидаты ішкі істер органдары қызметінің негізгі басымдықтарының бірі болып қала береді. Әрбір құқық бұзушылыққа заң аясында тиісті құқықтық баға беріліп, кінәлі тұлғалар белгіленген тәртіппен жауапкершілікке тартылады.
