Павлодарлық тәртіп сақшылары ЖҚЕ бұзған жүргізушілерді анықтауда
Павлодарлық тәртіп сақшылары ЖҚЕ бұзған жүргізушілерді анықтауда, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Павлодар қаласының патрульдік Полиция батальонының полицейлері күн сайын жол қозғалысы ережелерінің бұзушылықтарын анықтайды.
Мысалы, 25 қарашада полицияға Павлов көшесіндегі жүру жолында «тұраққа тыйым салынады» деген белгінің астында Lexus автокөлігі қойылғаны туралы қоңырау түсті. Полицейлер Павлодар қаласының тұрғыны – 46 жастағы жүргізушіні анықтады. Тәртіп сақшыларына ол өзінің жұмыстарымен шығып, көлікті небары 5 минутқа қалдырғанын түсіндіруге тырысты. Көліктің жолда кедергі келтіріп, апатты жағдай туғызатыны туралы ол мүлдем ойламай, жол белгісін байқамаған.
– ҚР ӘҚБтК-нің 597-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, жол қозғалысы ережелерін сақтау қажеттілігі туралы әңгіме жүргізілді, – деп хабарлады Павлодар облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Сондай-ақ, Ак.Сәтпаев-Кривенко көшелерінің қиылысында патрульдеу кезінде полицейлер алдында мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісі жоқ Toyota Camry автокөлігін байқаған. Жүргізуші нөмірдің жоқтығы туралы білетінін және оны «уақыт болған кезде» орнатуды жоспарлағанын айтты.
Осы бұзушылық үшін көлік иесіне қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 590-бабының 2-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Сондай-ақ, тәртіп сақшыларының көзінше ер адам нөмір белгісін қойды.