Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодарлық тергеушінің қызмет жолы

Заңдылықты қамтамасыз ету және азаматтардың құқықтарын қорғау – құқық қорғау органдарының басты міндеттерінің бірі. Бұл міндеттерді күн сайын адал еңбегімен елдегі құқықтық тәртіптің нығаюына үлес қосып жүрген кәсіби мамандар жүзеге асырады. Солардың қатарында тергеуші мамандығының орны ерекше, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Тергеуші – қылмыс жасалған сәттен бастап істің сотқа жолдануына дейінгі бүкіл тергеу процесін ұйымдастырып, үйлестіретін негізгі тұлға. Ол тек кабинетте отырып құжаттарды зерделеумен шектелмейді. Оқиға орындарына шығып, қылмыстық іс аясындағы іс-шараларға қатысады, жедел қызметкерлер жинаған дәлелдемелерді талдайды, азаматтардан жауап алып, істің мән-жайын анықтайды.

- Тергеушінің жұмыс күні сирек жағдайда ғана белгіленген уақыт шеңберіне сыйып жатады әрі сан алуан міндеттерден тұрады, – дейді Павлодар қаласы полиция басқармасы бастығының орынбасары Валентин Бримжанов.

Осындай кәсіби мамандардың қатарында Павлодар қаласы полиция басқармасының тергеушісі Елнар Жұматаев та бар. Ол жеке адамға қарсы жасалатын қылмыстарды тергеумен айналысады.

Қызметінің алғашқы күндерінен бастап жас офицер жоғары жауапкершілігімен, тәртіптілігімен және мамандығына деген шынайы қызығушылығымен ерекшеленді. Оның алғашқы тергеген қылмыстық ісі электр самокатының ұрлануына қатысты болды. Мұндай құқық бұзушылықтар көп жағдайда елеусіз көрінгенімен, жас тергеуші бұл іске ерекше жауапкершілікпен қарады. Себебі ол әрбір істің артында нақты адамның құқығы мен заңды мүддесі тұрғанын жақсы түсінді. Бұл тәжірибе оның кәсіби ұстанымының қалыптасуына берік негіз қалады.

Қысқа уақыт ішінде Елнар Жұматаев сауатты әрі білікті маман ретінде танылды. Оның өндірісінде әртүрлі санаттағы қылмыстық істер болды. Солардың ішінде ерекше қатыгездікпен жасалған адам өлтіру дерегі де бар. Дәлелдемелерді мұқият жинау, тергеу әрекеттерін кәсіби деңгейде жүргізу және сапалы процессуалдық сүйемелдеу нәтижесінде бұл резонансты іс сотқа жолданды.

Тергеушінің азаматтарға деген жанашырлығы мен мұқият көзқарасы тұрғындардың да жоғары бағасына ие болып келеді. Соның бір дәлелі – жәбірленуші Алмасхан Бөлтіріковтің алғыс хаты. Онда азамат жас офицердің адалдығы мен кәсібилігін ерекше атап өтіп, қандай жағдай болмасын әділдікті қалпына келтіруге деген табандылығы үшін шынайы ризашылығын білдірген.

Күнделікті қызметінде Елнар Жұматаев өз білімін жетілдіріп, кәсіби дағдыларын үнемі дамытып келеді. Оның қалыптасуына аға әріптестерінің тәлім-тәрбиесі мен тәжірибесі зор ықпал етуде. Жас офицер олардың көпжылдық тәжірибесін бойына сіңіріп, қызметтің жоғары талаптарына сай болуға ұмтылады.

Осындай білікті тәлімгерлерден үлгі алған Елнар Жұматаев үшін тергеуші мамандығының басты миссиясы – адамдардың әділдікке деген сенімін қайтару.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру