Петропавл полицейлері көліктерді тонаған екі ұрыны жауапкершілікке тартты
Петропавл полицейлері көліктерді тонаған екі ұрыны қылмыстық жауапкершілікке тартты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Петропавлда 18 және 28 жастағы екі тұрғынға қатысты шығарылған үкім күшіне енді. Жастар 5 эпизод бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Қылмыскерлер қараңғыда әрекет еткен. Иелері есіктерін жабуға ұмытып кеткен қаңтарулы тұрған автокөліктердің ішіне еніп отырған. Екі жағдайда – шыныларын сындырған. Олар көлік салонындағы, жүксалғыштарындағы қалдырылған заттарды алып кетіп отырған. Тоқсан би көшесіндегі үйлердің бірінің ауласында қаңтарылып тұрған BMW автокөлігінен айыпталушылар 12 мың теңге салынған әмиянды, банктік карталар мен көлікті тіркеу куәлігін қолды қылған.
Бес эпизодтың төртеуі тамыздың 31-не қараған түні жасалыпты. Көлік ұрыларының алкогольдік масаң күйде болғаны анықталды.
– Қыркүйек айының басында күдіктілер ұсталып, қамауға алынды. Екеуі де бұрын істі болған. Кішісі бұған дейін кәмелетке жасына жетпей тұрып, қылмыстық әрекеттерге барған. Сот оған 3 жылға бас бостандығынан айыру түріндегі, ал жанындағы сыйбайласына 4 жылға бос бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындады.
Автокөлік иелеріне салонда құнды заттар мен құжаттарды, ақшалай қаражаттарды қалдырмауға кеңес береміз. Автокөлікке мүмкіндігінше дабыл құрылғысын орнатқан жөн. Егер күзетілетін көлік тұрағы болмаса, темір тұлпарыңызды түнгі уақытта жарық түсіп тұратын жерлерге қойған дұрыс. Сондай-ақ көппәтерлі үйлердің аулаларында бейнебақылау камераларын орнатудың да тиімділігі бар. Олар автокөліктерде жасалған ұрлықтарды «ізін суытпай» ашуға көмектеседі. Әрі бұл жерге ұрылар да беттемейді, – дейді Петропавл қаласы ПБ тергеу бөлімінің бастығы Нұржан Омаров.