Петропавл полицейлері сауда үйлерінде жасалған ұрлықтарды «ізін суытпай» ашуда
Петропавл полицейлері сауда үйлерінде ұрлық жасаған күдіктілерді ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Петропавлдағы сауда үйлерінің біріндегі «Спортмастер» дүкенінің қызметкерлері ерлер жейдесінің, шалбар мен футболканың жоғалғанын анықтаған. Шығын сомасы 32 мың теңгені құрады. Бейнебақылау камераларындағы жазбаларды зерделеу нәтижесінде петропавлдық жедел уәкілдер 20 және 21 жастағы екі қалалықтың ізіне түсті. Аталған факт ҚР Қылмыстық кодексінің188-бабымен (Ұрлық) Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Полицейлер ұсталған азаматтардың әрқайсысының басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғын тексеруде. Ұрланған заттар алынды.
– Ақпан айында басқа да осыған ұқсас жағдайлар орын алды, электроника дүкендерінің бірінің сөресінен құны 35 мың теңге тұратын компьютерлік тінтуір, киім-кешек дүкенінен құны 6500 теңге тұратын ерлер курткасы, фирмалық дүкеннен 17 000 теңгенің «Braun» ұстарасы жоғалған. Күдіктілер кезекші тәулікте ұсталды. Қазіргі кезде техникалық жарақтандырылудың, күзет ұйымдарымен және бизнес объектілерінің қауіпсіздік қызметтерімен өзара тығыз іс-қимыл жасасудың арқасында, қылмыстық қол сұғушылықтан қорғану жүйесі жолға қойылған, сауда нүктелерінде қылмыс жасау әлдеқашан мәнін жойған, онда жасалған ұрлықтардың басым бөлігі «ізін суытпай» қысқа мерзімде ашылып жатады, – деді Петропавл қаласының ПБ криминалдық полиция бөлімінің бастығы Дархан Зияфиддин.