Петропавл полицейлері велосипед ұрлығының алдын алу бойынша рейдтік іс-шаралар өткізіп жатыр
Петропавл полицейлері велосипед ұрлығының алдын алу бойынша рейдтік іс-шаралар өткізіп жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Велосипедпен жүру маусымы басталысымен Петропавл қаласы полиция басқармасы құрамындағы екінші полиция бөлімінің учаскелік инспекторлары мен жедел уәкілдері Жұмысшы кентінде ақпараттық-профилактикалық рейд жүргізді. Сақшылардың негізгі мақсаты – велосипед ұрлығына жол бермеу. Полицейлер үй-үйге кіріп, тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Қос дөңгелекті көлікті, балалардың қол арбаларын үйдің кіреберісінде, баспалдақтардың астында қалдырмаған жөн. Өйткені қараусыз қалған заттарды ұрылар қолды қылуы мүмкін. Мүмкіндігінше оларды үйдің ішінде, балконда немесе жертөледе сақтаған дұрыс немесе айдап әкетуге қарсы құлыптармен бекітіп қалдырған абзал.
Бұдан бөлек, есепте тұрған тұлғалар, қолайсыз отбасылар, азаматтық қару иелері тексерілді. Абаттандыру ережелерінің бұзушылықтары да назардан тыс қалмады.
Жергілікті тұрғын гараж кооперативтерінің бірінің маңы қоқысқа толып тұрғаны жөнінде полицейлерге шағымданды. Аталған аумақтың төрағасына хаттама толтырылып, бірінші ретке ескерту түріндегі әкімшілік шара қолданылды. Егер 10 күннің ішінде аумақты тазалау бойынша шара қабылдамаса, айыппұл салынуы мүмкін.
Полицейлердің айтуынша, осындай рейдтік іс-шаралар шеңберінде бірқатар мәселелер қамтылмақ. Негізгі мақсат – бөтеннің мүлкін ұрлаудың және басқа да қылмыстардың алдын алу, адамдарға заңнама талаптарын түсіндіру.