Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Петропавл полицейлері жасөспірімдердің түнгі уақытта жүруінің 13 фактісін анықтады

Оқу жылы басталғалы Петропавл полицейлері жасөспірімдердің түнгі уақытта жүруінің 13 фактісін анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Түнгі көшелер, компьютерлік клубтар, сондай-ақ аулалар мен тұйық көшелер – ювеналдық полиция қызметкерлерінің назарында. Петропавлда тәртіп сақшылары «Назар аударыңыз, балалар!» жедел-профилактикалық іс-шарасының екінші кезеңі шеңберінде түнгі рейдтерді жүргізуде. Мақсаты – жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, олардың қараусыз жүру қаупін төмендету.

Қыркүйектің 1-нен 2-не қараған түні полицейлер Қазақстан Конституциясы көшесінде 11 жасөспірімді байқаған. Олардың ата-аналары ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 442-бабы 2-бөлігі (Кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде немесе тұрғынжайдан тыс жерде болуы) бойынша жауапқа тартылды.

– Тәртіп сақшылары жедел-профилактикалық іс-шара барысында жасөспірімдердің түнде жүруінің 13 фактісін анықтады. Екі кәмелетке толмаған ішімдік ішу кезінде анықталды. Сондай-ақ оқу орындарында профилактикалық жұмыстар жүргізіледі, балаларға құқық бұзушылықтың салдары, нашақорлық қаупі, жолда және қоғамдық орындарда қауіпсіз жүріс-тұрыс ережелері туралы айтылады. Тұрмысы қолайсыз отбасылар тұрақты бақылауда, – дейді Петропавл қаласы ПБ ЖПҚ ювеналды полиция бөлімшесінің бастығы Эльмира Абушева.

Жыл басынан бері Петропавлда түрлі құқық бұзушылықтар үшін 750-ден астам заңды өкіл жауапкершілікке тартылды. Оның 550-і кәмелетке толмаған балалардың түнгі серуені үшін, 50-і – жасөспірімдердің спирттік ішімдіктер ішкені үшін жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар, жасөспірімдердің түнгі уақытта болуына жол берген ойын-сауық мекемелерінің 12 иесі жауапкершілікке тартылды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру