Петропавл полицейлері жүк көлігінің салонынан жасалған ұрлықты ашты
Петропавл полицейлері жүк көлігінің салонынан жасалған ұрлықты ашты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Петропавл қ. Полиция басқармасына қала тұрғыны «МАЗ» жүк көлігінен оның жеке заттары салынған сөмкесі мен 70 метрлік ұзартқышы ұрланғаны туралы арызымен жүгінген. Ер адам жүк көлігін түнде үйінің маңайына қойып жүретінін, заттарының ұрланғанын 23 наурыз таңертең анықтағанын түсіндірген. Жедел уәкілдер бұған дейін жәбірленушінің «МАЗ» көлігі үйге жақын жерде қарға батып қалғанын анықтады. Жүргізуші өтіп бара жатқан жас жігіттерден көмек сұраған. Жүк көлігін шығаруға көмектескендерге ер адам азын-аулақ ақша беріп, алғысын білдірген. Жас жігіттердің арасында сол маңнан өтіп бара жатқан бейтаныс адам болған. Полицейлер істің мән-жайын зерделеп, оның ұрлықты жасауға қатыстылығын анықтады. Күдікті бұрын сотталған 29 жастағы қала тұрғыны жүргізушінің сыйақысымен қанағаттанбағанын түсіндірген. Оның айтуынша, ұзартқышты отқа күйдіріп, мыс сымды металқабылдау пунктіне тапсырған. Өзіне қажет болмаған соң, қалған заттарды лақтырып тастаған. Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы 3-б. (Ұрлық) бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді.
– Ұрланған затты өткізу орны анықталды, күдіктінің үйінен «МАЗ» есігінің сынған тұтқасы тәркіленді, — дейді Петропавл қ. ПБ криминалдық полиция бөлімінің бастығы Дархан Зияфиддин. — Қойған көліктерде ақша, құжат пен құнды заттарды қалдырмауды сұраймыз. Көлікті түнде күзетілетін тұрақтарда немесе жарық жақсы түсетін жерлерде, дұрысы бейне бақылау камераларының көру аймағына қою керектігін еске саламыз.