Петропавл полициясына демалыс күндері тыныштықты бұзу туралы 12 қоңырау келіп түскен
Петропавл полициясына демалыс күндері тыныштықты бұзу туралы 12 қоңырау келіп түскен, – деп хабарлайды Polisia.kz.
9 мамыр күні таңғы сағат беске дейін Уәлиханов көшесіндегі үйлердің біріндегі тұрғындар толыққанды демала алмады. Бұл туралы 102 пультіне қоңырау шалып, шулы көршісімен бір қабатта тұратын 39 жастағы қала тұрғыны айтты. Оқиға орнына келген полицейлер екі ер адамның пәтер иесімен ішімдік ішкенін анықтады.
Нәтижесінде, ҚР ӘҚБтК-нің 437-бабы (Тыныштықты бұзу) бойынша хаттама толтырылды.
– Мұндай жағдайда учаскелік инспекторлар құқық бұзушылармен профилактикалық әңгіме жүргізеді. Бұл тәжірибе азаматтардың санасына оң әсерін тигізеді. Демалыс күндері тыныштықты бұзу фактісі бойынша 12 шақырту келіп түсті. Естеріңізге сала кетейік, жұмыс күндері сағат 22:00 ден 09:00-ге дейін, демалыс және мереке күндері сағат 23:00-ден 10:00-ге дейін шу шығаруға тыйым салынады. Баптың санкциясы жеке тұлғаларға бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуды көздейді, – дейді Петропавл қаласы ПБ бастығы Жандос Мұқатов.
Жыл басынан облыс орталығында полиция қызметкерлері түнгі уақытта тыныштықты бұзу фактісі бойынша 645 қоңырау қабылдады.