Петропавлда көлді жалға алушы абаттандыру ережелерін бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылды
Петропавлда көлді жалға алушы абаттандыру ережелерін бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Абаттандыру ережелерін сақтау – жергілікті полиция қызметінің бір жұмыс желісі. Тәртіп сақшылары іргелес жатқан аумақтардың, кәсіпкерлік нысандардың, тұрғын үйлердің жай-күйіне тексеріс жүргізіп, тұрғындардың арыз-шағымдарына жауап береді. Қоқысты белгіленбеген жерге тастау, оны сақтау, қоқысты уақтылы шығару бойынша міндеттемелерді орындамау әсіресе жаз мезгілінде өзекті.
Пестрое көліндегі жағажайдың жағдайы Петропавл тұрғындарының наразылығын тудырды. Әлеуметтік желі қолданушылары шығарылмай жатқан қоқыс туралы жазды. Аталған аумаққа қызмет көрсететін №4 учаскелік полиция пунктінің қызметкері жағажайды тексерді. Аумақты уақтылы тазаламағаны үшін жалға алушыға қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 505-бабы (Қалалар мен елдi мекендердiң аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу, сондай-ақ қалалар мен елді мекендер инфрақұрылымы объектілерін бұзу, жасыл екпелерін жою және бүлдіру) бойынша хаттама толтырылды. Оған ескерту жасалды, содан кейін жалға алушы жағжайды тазарту үшін жұмысшыларды жалдады.
– Естеріңізге сала кетейік: заң талаптарына сәйкес абаттандыру ережелерін бұзу ескертуге немесе айыппұл салуға әкеп соғады», – дейді СҚО ПД Жергілікті полиция басқармасының бастығы Айдын Байматов. – Ескерту, әдетте, бұзушылық алғаш жасалған кезде қолданылады. Көп жағдайда бұл шара мәселені шешу үшін жеткілікті болып жатады. Әрі қарай бұзушылықтар жасалған жағдайда, айыппұл қолданылады: жеке тұлғалар үшін 20 айлық есептік көрсеткіштен, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 100 АЕК-ке дейін. Егер бұзушылық алдыңғы жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталанса, айыппұлдар көбейтіледі.
Жыл басынан бері облыста полицейлер ҚР ӘҚБтК 505-бабы бойынша 6033-тен астам хаттама жасады, оның 2314 – Петропавл қаласында.