Петропавлда патрульдік полицейлер із-түзсіз жоғалған әжейді тапты
Петропавлда патрульдік полицейлер із-түзсіз жоғалған әжейді туыстарына қайтарды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
9 қазан демалыс күні сағат 12:30 шамасында Петропавлдағы «102» арнасына қала тұрғынынан қоңырау келіп түсті. Ол Караванная көшесінде бағдарсыз халдегі қарт әйел келіп оның көлігіне отырғанын хабарлады. Оқиға орнына тәртіп сақшылары Өмірсерік Оразғали мен Данияр Өтегенов мінген патрульдік полиция батальонының жақын экипажы жіберілді.
Белгілі болғандай, 70 жастағы әйелдің есте сақтау қабілеті төмендеген. Жеке құжаттарын тексеру кезінде оның елордада тіркелгені анықталды. Петропавлға не себептен келгенін айтып түсіндіре алмады. Соған қарамастан полиция қызметкерлері анық-қанығына жетті. Патрульдік көлікте зейнеткердің телефонын қуаттап, олар соңғы нөмірлерге қоңырау шалды.
Анықталғандай, әже Қызылжар ауданындағы туысқандарына келген. Алайда, көп ұзамай ұшты-күйлі жоғалған. Бұл уақытта аудан орталығында оны іздей бастаған. Қуанышқа орай, бір жарым сағаттан кейін әженің абыржыған сіңлісі Петропавлға келіп, жоғалған әпкесін құшақтай алды.
– Патрульдік полиция батальонының қызметкерлері оқиға орнына бірінші болып келіп, алынған ақпаратты тексереді, кейде күтпеген жағдайларға тап болады. Олар қызметтерін атқарған кезде құқықтық тәртіпті сақтауды және адамдарға көмек көрсетуді басшылыққа алады, — дейді Петропавл қ. ПБ ППБ командирі Қанат Әлімжанов.
Полицейлер есте сақтау қабілеті төмендеген адамдардың туыстарына, жақындарының қолына әрдайым қуатталған ұялы телефон ұстатуға кеңес береді. Сондай-ақ, жоғалған адамның жеке басын және туыстарын тез анықтау үшін байланыс деректері бар жазбаны қалталарына салып қойған жөн.
СҚО ПД Криминалдық полиция басқармасының мәліметінше, жыл басынан облыс полициясына із-түзсіз жоғалғандарға қатысты 402 өтініш келіп түскен. Бүгінгі күні 396 адам табылды.