Петропавлда патрульдік полицейлер жыл басынан 38 қылмысты ашты
Петропавлда патрульдік полицейлер жыл басынан 38 қылмысты ашты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Петропавл тұрғындарының тыныштығы күзетіне патрульдік полиция батальонының 176 қызметкері түседі. Олар қоғамдық орындарда құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаратын саптық бөліністердің бірі. ППБ қызметкерлері жол қауіпсіздігін нығайтып қана қоймай, шақыртуларға шығады, із-түссіз жоғалғандарды іздеуге қатысады, қылмыс орындарына алғашқылардың бірі болып жетеді және ашуға көмек көрсетеді.
Үш айда қалалық патрульдік полиция батальоның қызметкерлері 160 қылмыстың бетін ашуға қатысты, тағы 38 қылмыс жеке құраммен «ізін суытпай» ашылды. Негізінен – мүлікті ұрлау. Бейнебақылау инспекторларымен тығыз байланыста жұмыс істейтін патрульдік полицейлер алған бағдарларды тексеріп, қала көшелерінен күдіктілерді ұстайды.
– Батальонның жұмысы жедел жағдайға байланысты құрылады. Патрульдеу бағыттарын ауыстыру және түзету көшелерде, қоғамдық орындарда жасалған қылмыстардың талдауы негізінде жүзеге асырылады. Сонымен қатар, жол жағдайы да есепке алынады. Мәселен, мектеп демалысы аяқталған кезде патруль бағыттары, әдетте оқушылардың қауіпсіздігі үшін, білім беру ұйымдарына жақындатылады, – дейді Петропавл қалалық ПБ ППБ командирі Қанат Әлімжанов.
Құқық бұзушылықтарды анықтауға, олардың жолын кесуге, дәлелдемелер базасын қалыптастыруда ППБ жеке құрамы алып жүретін бейнежетондар, сондай-ақ патрульдік көліктердегі бейнекамералардың көмегі зор. Бейнебақылау құрылғыларының көмегімен жыл басынан 3,5 мыңнан астам құқық бұзушылық анықталды. Олардың басым бөлігі қоғамдық орындарда масаң күйде жүру фактілері – 776. Сондай-ақ, 6700-дей Жол жүрісі ережелерінің бұзушылықтары анықталды. Өрескел бұзушылықтарға ерекше назар аударылады. Үш айдың ішінде масаң күйде көлік басқарудың 53 фактісі анықталды. Жүргізілетін жұмыстың мақсаты – жол-көлік оқиғалары кезінде апаттылық пен жарақат алуды азайту. Жыл басынан Петропавл жолдарында 21 жол-көлік оқиғасы орын алды, онда 1 адам қаза тауып, 31–і жарақат алды. Тәртіп сақшылары жол қозғалысына қатысушылардың барлығын Жол жүрісі қағидаларын қатаң сақтауға шақырады.