Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістан облысының бас полицейі Жедел басқару орталығының қызметін тексеріп шықты

Түркістан облысының бас полицейі Жедел басқару орталығының қызметін тексеріп шықты, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауларында ішкі істер органдарының қызметіне қатысты бірқатар нақты тапсырмалар берілген болатын. Соның бірі – сервистік полиция моделін енгізу.

Қазіргі таңда Түркістан облысында бұл бағытта ауқымды жұмыстар атқарылуда. Осының аясында Түркістан облысы Полиция департаментінің бастығы Мұрат Қабденов Жедел басқару орталығында атқарылып жатқан жұмыстарды тексерді.

Яғни, озық компьютерлік технологияларды, радиобайланыс және телекоммуникация құралдарын пайдаланатын орталықтың жұмысын көріп шықты. Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде, түрлі құқық бұзушылықтарды дер кезінде анықтауда, облыстың адамдар көп шоғырланатын аймақтарына, көшелерге қойылған бейнебақылау камераларымен іске асырылып жатқан қызметті жіті қадағалады.

Полицияның кезекші жасақтарының күштері мен құралдарын жедел басқару, қылмыстарға, оқиғаларға, жаппай тәртіпсіздіктерге жедел ден қою бойынша бөліністердің іс-әрекеттерін, қажетті жедел ақпаратты қабылдау, өңдеу мен есепке алуда ЖБО-ның аппараттық-бағдарламалық кешенінің қызметін саралады.

Балалар жылында өскелең ұрпақтың қауіпсіздігі полицейлердің күн тәртібінен түскен емес. Яғни, облыстың бас полицейі балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында мектептерге қойылған бейнекамералардың жұмыс жасауын қадағалады.

Сонымен қатар, М.Қабденов Жедел басқару орталығына қосылған облыстағы стационарлық бекеттердің сыртқы бейнебақылау камераларының да қызметін мұқият қарап шықты.

– Сіздердің қызметтеріңіз асқан жауапкершілікті талап етеді. “Цифрлы Қазақстан” жобасы аясында қазіргі таңда орталықтарыңыз барлық заманауи техникамен жабдықталған. Ендігі кезекте сіздерге күні-түні облысымыздың қауіпсіздігін сақтауда шаршамай, елге сапалы қызмет ету қажет. Жұмыстарыңызға сәттілік, – деді ЖБО қызметі мен ондағы полицейлердің жұмысын тексерген бас полицей М. Қабденов.

Айта кетсек, Түркістан облысы ПД Жедел басқару орталығының қызметкерлерімен осы жылдың үш айында бейнебақылау камералары арқылы 22 631 әкімшілік құқық бұзушылықтар анықталған. Ал 102 пультіне 14 655, сервистік полиция аясында іске қосылған SOS батырмасы арқылы 613 арыз-шағым мен хабарламалар келіп түскен.

Келіп түскен ақпараттар бойынша оқиға орнына жедел-тергеу топтары мен қосалқы күштері тұрақты негізде барған. Сонымен қатар, Жедел басқару орталығына қосылған бейнебақылау камераларының көмегімен 48 қылмыстың “ізі суымай” ашылған.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру